Қытай Газа секторына гуманитарлық көмек ретінде $100 млн бөледі

Фото: x.com / @ChinaDaily

АСТАНА. KAZINFORM - Бейжің Газадағы жағдайды реттеуге халықаралық деңгейде күш салу жұмыстарына белсене қатыса бастады, деп хабарлайды Kazinfrom меншікті тілшісі.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қытайдың Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысты жеңілдету мен оны қалпына келтіру жұмыстарын қолдау мақсатында $100 млн бөлетінін мәлімдеді. 

Си Цзиньпин бұл мәлімдемені Бейжіңде Франция президенті Эммануэль Макронмен кездесуден соң болған баспасөз-мәслихаты барысында жасады. 

ҚХР төрағасы Франция президентіне Қытайдың бұрынғысынша Газа секторындағы бейбітшілік ісін қолдайтынын мәлімдеді. 

Көмек туралы мәлімдеме Қытай мен Францияның ынтымақтастықты кеңейту мен көпжақты дипломатияға шақыруы аясында жасалды. 
Қытай Палестина мәселесінің әділ, тұрақты және жан-жақты реттелуін қолдайтынын жеткізді.

WAFA агенттігінің хабарлауынша, Палестина президенті Махмуд Аббас Си Цзиньпинге осы уәдесі үшін алғыс білдіріп, хат жолдағанын хабарлады. 

Осыған дейін Трамп Газа жоспарының екінші кезеңі жақында жүзеге асырылатынын айтқан болатын.