Қытай гуманоид роботтардың әлемдік нарығының 97 пайызын иеленді

АСТАНА. KAZINFORM — Биылғы бірінші жартыжылдықта гуманоид роботтардың әлемдік жеткізілімінің 97 пайыздан астамы қытайлық компаниялардың үлесіне тиді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі Global Times басылымына сілтеме жасап.

Фото: China Daily

Есепті кезеңде гуманоид роботтардың жаһандық жеткізілімі жылдық көрсеткішпен салыстырғанда 272 пайызға өсіп, 19 100 бірлікке жетті. Оның 85 пайыздан астамы Қытай нарығына тиесілі.

Қытайда 400-ден астам адам тәрізді робот моделі әзірленген. Бұл әлемдегі осындай роботтардың жалпы санының жартысынан астамын құрайды. Төртаяқты роботтар сегментінде қытайлық өндірушілердің үлесі әлемдік сатылымның 70 пайызына жуық. Ал бөлшектерді жергіліктендіру деңгейі 90 пайыздан асады.

— Биыл Қытайда 100 мыңнан астам гуманоид робот шығарылуы мүмкін. Ал алдағы жылдары бұл көрсеткіш одан әрі өседі деп күтіледі, — деп келтіреді басылым First Seafront Fund шэньчжэньдік қорының бас экономисі Ян Делонның сөзін.

Ресми статистикаға сәйкес, Қытайдан бірінші жартыжылдықта өнеркәсіптік роботтар экспортының көлемі 6,29 млрд юаньды (876 млн доллар) құрап, 141 ел мен өңірді қамтыды. Хирургиялық роботтардың экспорты 3,3 есе өссе, робототехника өнімдерінің жалпы экспорты 359 пайызға артқан.

Бұған дейін Қытайда 100 мыңнан астам гуманоид робот шығарылуы мүмкін екені хабарланған болатын.