Қытай Иран және Сауд Арабиясымен Ормуз бұғазын ашу мәселесін талқылап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мао Нин аймақтағы шиеленіс сақталған жағдайда Бейжің Таяу Шығыс елдерімен диалогты нығайтуды көздейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Kazinform агенттігі ТАСС-қа сілтеме жасап хабарлады.

Фото: Анадолу

Оның айтуынша, Қытайдың сыртқы істер министрі Ван И Иран мен Сауд Арабиясы өкілдерімен кездесіп, Парсы шығанағындағы жағдай мен аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылаған.

Тараптар халықаралық энергетикалық ресурстар тасымалының үздіксіз жүруі мен жаһандық қауіпсіздік үшін Таяу Шығыстағы тұрақтылықтың маңызы зор екенін атап өтті.

Мао Ниннің айтуына қарағанда, Қытай Ормуз бұғазын ашу жөнінде саяси шешім табуға күш салып, Иран мен АҚШ арасындағы қайшылықтарды келіссөздер арқылы реттеуді қолдайды.

Сонымен қатар ол Таяу Шығыста әскери қақтығыстардың қайта өршуіне жол бермеу басты міндет екенін жеткізді.

Оның сөзінше, Иран мен Сауд Арабиясы Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің бейбіт бастамаларына оң баға беріп, 2023 жылғы екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру туралы Бейжің келісімінің рухында диалогты жалғастыруға дайын екенін білдірген.

Еске салайық, бұған дейін Иран АҚШ тарапынан блокада мен шабуылдар тоқтаған жағдайда Ормуз бұғазын ашуға дайын екенін мәлімдеген еді.