Қытай мотоцикл сауда палатасының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жеті айында Қытайдан Еуропаға экспортталған мотоциклдердің құны 1,298 млрд долларға жеткен. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 17,17 пайызға көп.
Италия, Испания, Германия мен Франция қытайлық мотоциклдердің негізгі нарықтары саналады. Соңғы жылдары Қытай брендтері Польша, Чехия және Португалияда да өз позициясын нығайтқан.
Испанияның Anesdor қауымдастығының дерегіне сәйкес, 2026 жылдың алғашқы жартысында қытайлық брендтердің ел нарығындағы үлесі 28 пайызға жеткен. Ал Португалияда CFMOTO, Voge және Zontes маркалары 2025 жылы жаңадан тіркелген мотоциклдер саны бойынша үздік алтылыққа енген.
Сала өкілдері қытайлық брендтердің танымалдығын өнім сапасының жақсаруымен, инновациялардың артуымен және бәсекеге қабілетті бағасымен байланыстырады. Сонымен қатар қытайлық өндірушілердің экспорттық орташа бағасы да көтеріліп келеді. Бұл олардың арзан өнім шығарудан сапа мен технологияға басымдық беруге көшкенін көрсетеді.
Еуропалық дилерлердің пікірінше, қытайлық компаниялар жаңа технологияларды енгізуде және өнімді жетілдіруде икемділік танытады. Кейбір модельдері жапондық өндірушілермен бәсекеге түсе алатын деңгейге жеткен.
Қытай брендтерінің халықаралық жарыстардағы жетістіктері де олардың беделін арттырып отыр. 2026 жылы ZXMOTO және CFMOTO маркалары бірқатар жарыста жақсы нәтиже көрсеткен.
Сонымен қатар Қытай мен Еуропа арасындағы өндірістік ынтымақтастық кеңейіп келеді. Мәселен, биыл шілдеде CFMOTO италиялық Brembo компаниясымен стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойды. Тараптар өнім әзірлеу және жаңа технологияларды енгізу бағытында бірлесіп жұмыс істейді.
Қытай мотоцикл өндірісінің дамуы еуропалық қосалқы бөлшек өндірушілеріне де жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Әсіресе тежегіш, аспа, шина және электрондық басқару жүйелеріне сұраныс артып келеді.
Италиялық Ducati компаниясының өкілі Фабрицио Каццоли Қытай мотоцикл өнеркәсібінің дамуы бүкіл салаға оң әсер ететінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл мотоцикл мінушілер санын көбейтіп, мотоцикл мәдениетіне деген қызығушылықты арттырады.
Сарапшылар Қытай өндірушілерінің технологиялық әлеуеті өскен сайын олардың Еуропа нарығындағы ықпалы да күшейе түсетінін айтады. Сонымен бірге халықаралық жарыстар мен өндірістік серіктестік екі тарап үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
Айта кетейік, бұған дейін Қырғызстан халқы Қытайға пойызбен қатынай алатынын жаздық.