Қырғызстан халқы Қытайға пойызбен қатынай алады

АСТАНА. KAZINFORM — Қырғызстан халқы Қытай — Қырғызстан — Өзбекстан теміржолы салынып біткен соң Қытайға жолаушылар пойызымен тікелей бара алады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі хабарлады.

Қырғызстан халқы Қытайға пойызбен қатынай алады
Фото: Kazinform

Бұл жөнінде «Қытай — Қырғызстан — Өзбекстан» теміржол компаниясы бас директорының орынбасары Ұлан Құлов «Биринчи радио» эфирінде мәлімдеді. Оның айтуынша, теміржол жүк және жолаушы тасымалына арналып салынып жатыр.

— Бұл жүк және жолаушы тасымалдайтын теміржол болады. Пайдалануға берілгеннен кейін қырғызстандықтар Қытайға пойызбен тікелей бара алады. Жолаушылар үшін заманауи, жайлы әрі жүрдек вагондар сатып алуды жоспарлап отырмыз, — деді ол.

Қазір жолаушылар пойызы қатынайтын бағыттар қарастырылып жатыр.

Жоспарға сәйкес, теміржол 2031 жылы пайдалануға беріледі. Қырғызстан аумағындағы жол учаскесінің ұзындығы 304 шақырым болады. Бұл бағытта 29 тоннель мен 50 көпір салынады.

2025 жылғы сәуірде Қытай — Қырғызстан — Өзбекстан теміржолына арналған тоннель құрылысы басталғаны хабарланған еді. Сол жылдың күзінде магистраль құрылысы тәжірибелік кезеңге өтті.

Еске салайық, бұған дейін Қытайда ең ұзын айналма метро желісі ашылғанын хабарлағанбыз.