Қытай Пәкістанда су тасқынынан зардап шеккендерге көмек жеткізді

Фото: Str/Xinhua

АСТАНА. KAZINFORM — Қытай үкіметі Пәкістандағы су тасқынынан зардап шеккендерге көмектің алғашқы партиясын жөнелтті. Бұл туралы Синьхуа агенттігі жазды.

Шатырлар, көрпелер және басқа да керек-жарақтар тиелген гуманитарлық көмек Хэнань провинциясының орталығы Чжэнчжоу қаласынан шығып, екі ұшақ Пәкістан астанасы Исламабадқа жетті.

Пәкістан маусым айынан бері қатты су тасқынынан зардап шегіп келеді. Онда материалдық шығынмен қатар, қаза тапқандар саны көбейіп барады.

Қытай Пәкістанға төтенше көмек ретінде 2 миллион доллар бөлді. Пәкістанның су тасқынынан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарын одан әрі қолдау үшін Қытай үкіметі жалпы сомасы 100 миллион юань (шамамен 14 миллион АҚШ доллары) қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдады.

Қазір елде қалған гуманитарлық көмек жиналып жатыр. Ол жақын күндері Пәкістанға жолға шығады.

Айта кетейік, Қытайда әлемдегі ең биік көпір ашылды.