Қытай Tax Free жүйесі бар алғашқы онлайн-дүкенді іске қосты

АСТАНА.KAZINFORM — Бейжіңде шетелдік туристерге салықты қайтару мүмкіндігі қарастырылған елдегі алғашқы цифрлық дүкен ашылды, деп хабарлайды China Daily .

Фото: Xinhua

Жоба Қытайдың ірі электрондық сауда платформаларының бірі – JD.com базасында жүзеге асырылды. Бастама шетелдік қонақтар үшін салық қайтару рәсімін жеңілдетуге және ішкі тұтынуды ынталандыруға бағытталған.

Маркетплейске біріктірілген сервис процесті барынша автоматтандырған. Сатып алушыға тек «departure tax refund» белгісі бар тауарды таңдап, төлқұжат деректері мен Қытайға кірген күнін көрсету жеткілікті. Осыдан кейін жүйе салықты қайтаруға арналған электрондық өтінімді автоматты түрде рәсімдейді.

Онлайн-дүкен ассортиментінде алты негізгі санат бойынша шамамен 300 тауарлық кіші санат бар. Олардың қатарында ұялы байланыс құралдары, цифрлық және тұрмыстық техника, компьютерлер, сондай-ақ кеңсе тауарлары ұсынылған.

JD компаниясы бағдарлама аясындағы тауар түрлерін кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл ретте жергілікті өндірістің сапалы өнімдеріне, жоғары технологиялық тауарларға, дәстүрлі брендтерге және Қытайдың мәдени мұрасы негізінде жасалған кәдесыйларға басымдық берілмек.

Бұған дейін Қытайдың шетелдік туристер үшін Tax Free жүйесін жеңілдетіп жатқаны хабарланған болатын