Қытай Жаңа жылға орай естелік монеталарын шығарды
АСТАНА. KAZINFORM — 22 желтоқсанда Қытайдың ұлттық банкі — Қытай Халық банкі Жаңа жылға қатысты 2026 жылғы естелік монеталарын ресми түрде шығарғанын хабарлады.
Синьхуа агенттігінің мәліметінше, бұл жолғы шығарылымға естелік банкнот және естелік монеталар кіреді: 1 банкнот, 1 қос түсті мыс қорытпасынан жасалған монета, 1 алтын монета және 1 күміс монета.
Банкноттың номиналы — 20 юань. Алдыңғы бетіндегі негізгі сурет — жылқы бейнесі, ал артқы бетінде би билеп тұрған балалар мен киіз үй бейнеленген.
Банкнотта моңғол, тибет, ұйғыр және чжуан ұлттарының төрт түрлі жазуы басылған. Бұл банкнот пластик материалдан жасалған, шығарылым саны — 100 миллион дана.
Сонымен қатар, Қытай алтын және күміс естелік монеталарын шығарды. Монеталар дөңгелек және ромб тәрізді болып келеді, материалы — қос түсті мыс қорытпасы, алтын және күміс. Алдыңғы бетінде Қытайдың дәстүрлі сәттілік өрнектерінің үйлесімі бейнеленген, сондай-ақ ел атауы жазылған.
Бұл естелік монеталар мен банкноттарды Қытайдың негізгі екінші деңгейлі банктерінен сатып алуға болады, олардың барлығы Қытайдың заңды төлем құралы саналады.
Бұдан бұрын Қытай азаматтардың несие тарихын қалпына келтіру бағдарламасын іске қосқанын жазғанбыз.