Қытай Жапонияны әскери бюджет туралы ақпаратты бұрмалады деп айыптады

АСТАНА. KAZINFORM – Өзінің әскери экспансиясын ақтау үшін Қытайдың қорғаныс бюджетін бұрмалаған Жапония сынға ұшырады. Бұл туралы Синхуа агенттігі жазды.

Фото: Pixabay

Қытай Қорғаныс министрлігінің ресми өкілі Цзян Бинь сәрсенбі күні Жапонияны Қытайдың әскери шығындарын әдейі асыра көрсетіп отыр деп айыптады. Оның айтуынша, бұл «Ұры айқайы: ұрыны ұстаңдар!» деген мәтелдің көрінісі және Жапонияның өз әскери экспансиясын ақтауға бағытталған.

Цзян Бинь бұл мәлімдемені жапон саясаткерлерінің Қытайдың қорғаныс шығындарын бұрмалап түсіндіруіне жауап ретінде жасады.

– Қытайдың қорғаныс шығындары ЖІӨ-нің 1,5 пайызынан азын құрайды. Бұл көрсеткіш АҚШ сияқты ірі әскери державалардан едәуір төмен, сондай-ақ әлемдік орташа деңгейден және НАТО-ның ЖІӨ-нің 2 пайызынан асатын мақсатты көрсеткішінен де төмен, — деді ол.

Оның сөзінше, Қытайдың қорғаныс бюджеті орынды, қалыпты және ұстамды түрде өсіп келеді. Бұл өсім тек елдің егемендігін, қауіпсіздігін және даму мүдделерін қорғауға, сондай-ақ жаһандық бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған.

– Жапония тарапын өзіне жиірек сын көзбен қарап, жаңылыстыратын ақпараттық науқандарын тоқтатуға және милитаризмнің сәтсіз тәжірибесін ешқашан қайталамауға шақырамыз, — деп мәлімдеді Қытай Қорғаныс министрлігінің өкілі.

Айта кетейік, былтыр Қытай Санаэ Такаитидің мәлімдемесінен соң Жапонияға қарсы қысымды күшейтті.