Қытай жасанды интеллектіні қауіпті ауа райын болжауға үйретті

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай тайфун, найзағай және нөсер жаңбыр сияқты қауіпті ауа райы құбылыстарын алдын ала анықтауға көмектесетін жасанды интеллект модельдерін таныстырды. Жаңа жүйелердің бірі қолайсыз ауа райы туралы төрт сағат бұрын ескертуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Синьхуа агенттігі.

Фото: ЖИ

Жаңа технологиялар Хунань провинциясының Чанша қаласында өткен спутниктік деректерді пайдаланушылар конференциясында таныстырылды. Олар Қытайдың «Фэнъюнь» метеорологиялық спутниктерінен алынған ақпарат негізінде әзірленген.

Ұсынылған жүйелердің бірі тайфундарды талдауға арналған. Ол дауылдың орналасқан жерін, құрылымын, қарқындылығы мен өзгерістерін автоматты түрде анықтайды. Жасанды интеллект моделі тайфунның жеті сипаттамасын танып, нәтижелерді әр 15 минут сайын жаңартады. Ал талдау қорытындысын мәтін түрінде небәрі 27 секундта әзірлейді.

Екінші жүйе найзағай, екпінді жел және нөсер жаңбырмен қатар жүретін күшті конвекциялық құбылыстарды өте қысқа мерзімде болжауға арналған.

Ол үшін жүйе «Фэнъюнь-4» спутнигінің соңғы екі сағаттағы үздіксіз бақылау деректерін пайдаланады. Жасанды интеллект бұлттардың әрі қарай қалай өзгеретінін талдап, қауіпті ауа райы құбылыстары болуы ықтимал аймақтарды анықтайды. Осылайша, тұрғындарға қауіп туралы төрт сағат бұрын ескертуге болады.

Қытай метеорологиялық басқармасының мәліметінше, жаңа технологиялар спутниктік мониторинг пен тайфундар және басқа да қауіпті құбылыстар туралы ерте ескерту жүйесінің тиімділігін арттырады.

«Фэнъюнь» спутниктері Қытайдың ұлттық метеорологиялық бақылау жүйесіне кіреді. Қазір осы сериядағы 10 аппарат орбитада жұмыс істеп тұр. Олардың деректерін 141 ел мен аймақ пайдалана алады.

Айта кетейік, Қазақстан да қауіпті ауа райы құбылыстары туралы ерте ескерту технологияларын дамытып жатыр. Қыркүйек айында «Қазгидромет» Қытай метеорологиялық басқармасымен MAZU жүйесін қысқа мерзімді ауа райы болжамы мен жасанды интеллект технологияларын қолдану бағытында пайдалану мүмкіндігін талқылаған еді.