Қытай жер сілкінісіне ден қоюдың ең жоғары деңгейін енгізді

АСТАНА. KAZINFORM — Бұл туралы Қытайдағы Сицзан автономиялық ауданының аймақтық штабынан мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Фото: Xinhua

Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сицзан автономиялық ауданындағы Шигацзе қаласында болған жер сілкінісінен кейін төтенше әрекет ету деңгейі бірінші деңгейге көтерілді.

6,8 балдық жер сілкінісінен кейін ҚХР Су ресурстары министрлігі (СРМ) зардап шеккен аудандардағы су ресурстары нысандарын мұқият зерттеу және қауіп-қатерлерді бағалау, сондай-ақ апаттың қайталану ықтималдығын анықтау үшін жұмыс топтарын жіберді.

Xinhua агенттігінің хабарлауынша, ведомство тиісті құрылымдарға қауіпті аймақтардың тұрғындарына алдын ала ескерту жасап, олардың қауіпсіз жерлерге көшуіне қолғабыс етуді тапсырған. СРМ хабарлауынша, қазіргі уақытта үлкен қауіп туралы хабарлама түскен жоқ.

ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі (ҚҚМ) құтқару жұмыстарын жүргізу, көлік қозғалысын бақылау және қоғамдық тәртіпті сақтау үшін жергілікті полиция күштерін жұмылдырды. 

Сейсенбіде ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Цян апаттың ауқымы, зардап шеккендер мен қаза тапқандар туралы ақпаратты жедел түрде нақтылауды, құтқару жұмыстарын жан-жақты жүргізуді және құрбандар мен зардап шеккендер санын барынша азайтуды тапсырды.

— Жер сілкінісінен зардап шеккен аймақ биік таулы аймақта, температурасы төмен үстіртте орналасқандықтан, зардап шеккен аудан тұрғындары қыстан аман шығуы үшін олардың негізгі тұрмыстық қажеттіліктерін барынша қамтамасыз ету қажет, — деп келтірді Хinhua Қытай премьерінің сөзін.

Синоптиктер болжамынша, сейсенбі күні Динжи уезінде ауаның температурасы минус 18 градустан нөл градусқа дейін құбылады.

Бұдан бөлек, жер сілкінісіне байланысты Джомолунгма тауының туристік аймағы уақытша жабылды.

Еске салсақ, бұған дейін Қытайдың Сицзан автономиялық ауданының Шигацзе қаласындағы Динжи уезінде магнитудасы 6,8 балдық жер сілкінісі болғанын хабарлаған едік. Кеше жойқын жер сілкінісінен қаза болғандар саны 95-ке жеткені мәлім болды. Алайда қазіргі уақытта 126 адам көз жұмып, 188 адам зардап шеккені хабарланды.