Қытайда 7 балдық жер сілкінісі болды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың Тибет автономиялық регионының Нагчу қаласына қарасты Бацин уезінде 7 балдық жер сілкінісі болды, деп хабарлайды Lianhe Zaobao басылымы.

Фото: Anadolu

Қытайдың сейсмикалық стансалар желісінің ресми мәліметіне қарағанда, жергілікті уақыт бойынша 22 қазан күні сағат 22:33-те Тибет автономиялық регионының Нагчу қаласына қарасты Бацин уезінде (солтүстік ендік 32,40 градус, шығыс бойлық 93,79 градус) магнитудасы 7,0 болатын жер сілкінісі тіркелді. Жер сілкінісінің ошағы 10 шақырым тереңдікте орналасқан.

Бұл — Қытайда жыл басынан бері тіркелген ең қуатты дүмпу. Бұған дейін Қытайда магнитудасы 7 балдан асатын жер сілкінісі кейінгі рет 2024 жылғы 23 қаңтарда Шыңжаңның Үштұрпан уезінде тіркелген еді.

Қытайдың Сейсмологиялық басқармасы сағат 23:31-де екінші деңгейлі төтенше жағдай режимін іске қосты.

Еске салайық, Ресей мен Қытай Марсты зерттеуге арналған бірлескен миссия аясында ғылыми аспаптар мен техниканы әзірлейді.