ҚХР Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылдың соңына қарай Қытайда 60 жастан асқан тұрғындар саны 323 миллионға жеткен. Олардың 130 миллионнан астамы отбасынан бөлек тұрады. Қытайдың Геронтология ғылыми-зерттеу орталығының зерттеуіне сәйкес, елдегі қарттардың шамамен 25 пайызы қоғамнан шет қалып, жалғыздықты жиі сезінеді.
Сұраныстың артуына байланысты Ханчжоу, Нинбо және Лишуй қалаларының билігі қарттарға көмек көрсетудің үш үлгісін енгізді. Олар: ақысыз волонтерлік бағдарламалар, шағын сыйақыға негізделген көршілердің өзара көмегі және коммерциялық қызметтер.
Еріктілер қызметі жергілікті билік пен қоғамдық ұйымдардың қаржылай қолдауымен жүзеге асырылады. Алайда сала өкілдерінің пікірінше, ұйымдастырушыларға түсетін салмақтың ауырлығы бұл бастаманы кеңінен таратуға мүмкіндік бермейді.
Көршілердің бір-біріне қолдау көрсетуіне негізделген бұл үлгі бойынша шағын көлемде субсидия төленеді. Нинбо қаласының Фэнхуа ауданында қарттарға күнделікті көмек көрсеткен көршілерге күніне 80-100 юань (11-14 АҚШ доллары) көлемінде ақы беріледі.
Коммерциялық қызметтер негізінен интернеттегі жеке хабарландырулар арқылы ұсынылады. Бұл салада көбіне жастар жұмыс істейді. Қарттарға серік болып, күтім көрсететін маманның екі сағаттық қызметі шамамен 150 юаньды (21 АҚШ доллары) құрайды. Қызмет түрлеріне қан қысымын өлшеу, азық-түлік сатып алу, медициналық мекемелерге еріп бару және күнделікті әңгімелесіп, көңіл бөлу кіреді.
Сала мамандары «ақылы серік бала» атауының құқықтық және этикалық тұрғыдан бірқатар мәселе туындататынын айтады. Олардың пікірінше, отбасы мүшелерінің қамқорлығы өмір бойғы жауапкершілікке негізделсе, ақылы қызмет келісімшарт мерзімімен шектеледі. Ал қызметтің кенеттен тоқтатылуы қарттардың көңіліне қаяу салып, психологиялық күйіне кері әсер етуі мүмкін.
Сұраныс артқанына қарамастан, клиенттердің сенімсіздігі мен алаяқтыққа қатысты қауіптер коммерциялық қызметтердің кең таралуына кедергі келтіріп отыр. Сала өкілдерінің айтуынша, жалдамалы күтушілердің көбі қарттарды алаңдатпау үшін өздерін отбасының таныстары ретінде таныстырып, қызметінің ақылы екенін ашып айтпайды.
Бұған дейін Қытай халқының төрттен біріне жуығын 60 жастан асқан тұрғындар құрайтыны хабарланған болатын.