Қытайда кеден қызметкерлері жолаушының киімінің астынан 21 жылан тауып алды

АСТАНА. KAZINFORM — Қытайдың оңтүстігіндегі кеден органдары жолаушының Шэньчжэнь шекарасынан 21 тірі жыланды заңсыз алып өту әрекетінің жолын кесті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі тілшісі Бас кеден басқармасына сілтеме жасай отырып.

Фото: ҚХР Бас кеден басқармасы

Оқиға Футьян шекара бекетіндегі жолаушыларды тексеру залында болды. Кеден қызметкерлері тексеру аймағына декларация тапсырмай кірген әйелді тоқтатты. Себебі ол кең ұзын шалбар киіп, табиғи емес қалыптағы жүріспен кетіп бара жатқан.

Тексеру кезінде инспекторлар әйелдің екі балтырынан скотчпен бекітілген қара тізе жастықшаларын тапты. Әр жастықшаның ішінде тірі жыландар салынған үш қара шұлық болған. Тексеру кезінде жыландардың жалпы саны 21-ге жетті.

Шэньчжэнь кеденінің жануарлар мен өсімдіктерді тексеру және карантиндеу техникалық орталығының сарапшылары тәркіленген бауырымен жорғалаушылар жылан тұқымдасына жататынын және аймаққа жат түр екенін анықтады.

Қытай кедені Ұлттық биологиялық қауіпсіздік туралы және жануарлар мен өсімдіктер карантині туралы заңға сәйкес, бөтен түрлерді рұқсатсыз әкелуге, сондай-ақ тірі жануарлар мен өсімдіктерді шекара арқылы тасымалдауға немесе жөнелтуге тыйым салынатынын еске салды.

Қазақстандықтар үй жануарларын eGov Mobile арқылы тіркей алатынын жазған едік.