Қытайдың Су ресурстары министрлігі мен Елдің метеорологиялық басқармасы сенбі күні сағат 18:00-де бірлескен ескерту жариялады.
Болжам бойынша, 11 шілде сағат 20:00-ден 12 шілде сағат 20:00-ге дейін Бейжіңнің шығыс бөлігінде, Тяньцзинь қаласының солтүстігінде, Хэбэй провинциясының солтүстік-шығысында, Ішкі Моңғолия автономиялық ауданының шығысында, Ляонин провинциясының батысында, Цзилинь провинциясының солтүстік-шығысында, Хэйлунцзян провинциясының оңтүстігінде, Чжэцзян провинциясының орталығы мен оңтүстігінде, Аньхой провинциясының оңтүстігінде, Фуцзянь провинциясының солтүстігінде, Цзянси провинциясының солтүстік-шығысында және Сычуань провинциясының орталық бөлігінде кенеттен болатын су тасқыны қаупі жоғары болып тұр.
Бейжіңнің шығысындағы, Хэбэй провинциясының солтүстік-шығысындағы, Чжэцзян провинциясының орталық және оңтүстік бөлігіндегі, сондай-ақ Аньхой провинциясының оңтүстігіндегі жекелеген аудандарда нөсерден болатын су тасқыны қаупі өте жоғары болғандықтан, «қызыл» деңгейлі ескерту енгізілді.
Ал басқа өңірлерде нөсер жауынның салдарынан су тасқыны болуы мүмкін.
Сонымен қатар Қытай билігі геологиялық апаттар қаупіне байланысты да «қызыл» деңгейдегі ескерту жариялады.
Мамандардың болжамынша, геологиялық апат қаупі Бейжің, Тяньцзинь, Ішкі Моңғолия автономиялық ауданы, Хэбэй, Ляонин, Цзилинь, Хэйлунцзян, Чжэцзян, Аньхой, Цзянси, Фуцзянь, Сычуань, Юньнань, Шэньси, Ганьсу провинциялары мен Сицзан автономиялық ауданында сақталады.
Қытайдың Су ресурстары министрлігі мен Елдің метеорологиялық басқармасы барлық деңгейдегі жергілікті билік органдарын және жауапты қызметтерді төтенше жағдайларға дайындықты күшейтіп, алдын алу шараларын қабылдауға шақырды.
Осыған дейін Бейжіңде нөсер жаңбыр салдарынан 95 мыңнан астам адам эвакуацияланғаны туралы жаздық.