Әзірлемеге тарту күшінің бағытын реттейтін кіріктірілген желдеткіштер орнатылған. Соның арқасында ол ұшу-қону жолағынсыз тік көтеріліп, қона алады, әуеде қалықтап, жолда жүру мен ұшу режимдерін алмастырады.
Бір орындық прототиптің ең жоғары ұшу массасы 280 келі, ал жүк көтергіштігі 120 келіге дейін жетеді. Құрылғы жерде сағатына 80 шақырым, әуеде 150 шақырым жылдамдықпен ұша алады. Ең жоғары ұшу биіктігі 3 000 метр болса, жұмыс биіктігі 100 метрді құрайды. Ал ұшу қашықтығы 300 шақырымға дейін жетеді.
Айта кетейік, жоба жаппай өндіріске шығар алдында тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақ кезеңіне өтті.
– Бір орындық прототиптің негізінде ең жоғары ұшу массасы 5,5 тонна, ал жүк көтергіштігі 2 тонна болатын жаңа нұсқаның техникалық жобасы әзірленіп бітті. Келесі кезеңде 2-ден 15 адамға дейін тасымалдайтын әртүрлі үлгідегі көліктерді кезең-кезеңімен шығару жоспарланып отыр, – деді жоба жетекшісі.
Әзірлеушілер ұшу аппаратын таулы аймақтарға шұғыл жүк жеткізу, санитарлық авиация, өрт сөндіру-құтқару жұмыстары мен полиция патруліне пайдалануды көздеп отыр. Бұдан бөлек, оны әуеден фото түсіру, теңіз және жеке тасымал қызметтеріне, төмен биіктікте ұшу үшін қолдану жоспарланған.
Бұған дейін Қытай билігі жаңа көліктерді өндіруге қатысты ережелерді қатайтып, қауіпсіздік пен экологиялық тәуекелдерді азайту үшін автомобиль компанияларынан нарыққа шығарар алдында көлікке орнатылған жаңа технологиялар мен инновацияларды қатаң сынақтан өткізуді талап еткені хабарланған болатын.