АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның екінші, әлемнің 75-ракеткасы Юлия Путинцева Цзюцзян (Қытай) WTA 250 турнирінің ширек финалына шықты.
Жарыстың 5-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда дүниежүзілік рейтингіде 309-орында тұрған қытайлық Чжэн Ушуанмен шеберлік байқасты.
Бұл қос теннисшінің алғашқы кездесуі еді.
Бірінші сетте брейкті көбірек жасаған Путинцева 6:2 есебімен басым түсті.
Екінші партияда қазақстандық спортшы бет қаратпады – 6:0.
Бір сағат 5 минутқа созылған бәсекеде Ю.Путинцева 12 брейк-пойнттың жетеуін пайдаланды. Ушуан 2 брейкпен (5 брейк-пойнт) көзге түсті.
Юлия Путинцева жартылай финалға шығу үшін әлемнің 53-інші, осы доданың 2-ракеткасы, швейцариялық Виктория Голубичпен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Путинцеваның Қытайдағы турнирде қарсыласын ойсырата жеңгенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Елена Рыбакинаның WTA қорытынды турниріндегі қарсыластары анықталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).