Қытайдағы жер дүмпуі: қаза тауып, жарақат алғандар бар

АСТАНА.KAZINFORM - Сейсенбі күні сағат 18:40-тағы жағдай бойынша Қытайдың солтүстік-батысындағы Цинхай провинциясындағы Хайси моңғол-тибет автономиялық префектурасында болған 6,3 магнитудалы жер сілкінісінен бір адам қаза тауып, төрт адам жарақат алды, деп хабарлайды Синхуа.

Фото: AP Photo

Жер сілкінісі Бейжің уақыты бойынша сағат 17:06-да болды.

Жер сілкінісінің эпицентрі солтүстік ендіктің 37,80 градусында және шығыс бойлықтың 95,56 градусында орналасқан.

Цинхай провинциясының сейсмологиялық бюросы жергілікті билік органдарына төтенше жағдайларға көмек көрсету үшін жер сілкінісі болған аймаққа арнайы топ жіберді.

Провинциялық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметі бойынша, сағат 18:10-да II деңгейлі жер сілкінісіне жауап беру шаралары басталды.

Айта кетейік, бүгін Индонезия жағалауында да магнитудасы 6,7 жер сілкінісі болды.