Бас прокуратура Қытай Халық Республикасынан Қазақстан Республикасына тауарларды экономикалық контрабандалық жолмен ұзақ уақыт бойы заңсыз тасымалдаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыруда.
Тергеу барысында 37 компанияның ішінде ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысы бар «Metlink» және «Urban Green» компаниялары бойынша ғана мемлекетке келтірілген залалдың көлемі 2,7 млрд теңгеден асқаны анықталды.
— 5 тамызда Қылмыстық-процестік кодексінің 128–132-баптарына сәйкес, Қылмыстық кодексінің 262-бабының 1, 2-бөліктерінде (ұйымдасқан топты құру және оған басшылық ету, сондай-ақ оның қызметіне қатысу), 234-бабының 3-бөлігінің 2) тармағында (ұйымдасқан қылмыстық топ жасаған экономикалық контрабанда) және 236-бабының 3-бөлігінде (ұйымдасқан қылмыстық топ жасаған кедендік төлемдер мен алымдарды төлеуден жалтару) көзделген қылмыстық құқық бұзуды жасады деген күдікпен Қазақстан Республикасының азаматтары «Ш» және «А» ұсталып, Алматы қаласы полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген Бас прокуратура хабарламасында.
2026 жылғы 7 тамызда тергеу сотының қаулысымен аталған күдіктілерге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланды.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Айта кетелік Алматыда жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін сатқан күдікті қолға түскен еді.