Қазақстанның Сиань қаласындағы Бас консулы Жошыхан Қыраубаевтың Баоцзи қаласына жұмыс сапары барысында қала әкімі Ню Каймен кездесу өтті. Оған қала аудандарының әкімдері, еркін сауда-экономикалық аймақтарының басшылары және инвестиция, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға жауапты қаржы қорларының өкілдері қатысты.
Кездесуде өңіраралық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.
Қала әкімі Баоцзидің негізгі экономикалық бағыттарын таныстырды. Олардың қатарында пайдалы қазбаларды өңдеу, машина жасау, ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдерін өндіру, жергілікті туризмді дамыту бар.
Сондай-ақ ол қалаға қарасты елді мекендерде «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Бағдарлама әр ауданның өзіндік ерекшелігі бар өнімін дамыту арқылы жергілікті табысты арттыруға бағытталған.
Бас консул Қазақстан мен Қытай өңірлері арасындағы стратегиялық әріптестікті нығайту үшін тікелей байланыстар орнатудың маңызын атап өтті. Баоцзидің титан мен одан жасалған бұйымдарды өндіру және өңдеу саласындағы әлеуетін, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының машина жасау мүмкіндіктерін ескере отырып, Өскеменмен іскерлік байланыс орнатуды ұсынды.
Бұл бастаманы Баоцзи қаласының басшылығы қолдады. Тараптар екі қаланың өнеркәсіптік әлеуетін ұштастыруға, машина жасау, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, білім беру және мәдениет салаларында байланыс орнатуға қызығушылық білдірді. Сонымен бірге іскерлік делегациялар алмасу және бірлескен іс-шаралар өткізу мүмкіндіктерін қарастыруға келісті.
Сапар аясында Шэньси провинциясының мемлекеттік органдары, сауда-өнеркәсіп палаталары, ірі кәсіпорындары мен сарапшылар қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті.
Жиында Жошыхан Қыраубаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндірді. Талқылау барысында мемлекеттілікті нығайту, ұлттық егемендікті қорғау, ел бірлігі мен қоғамдық тұтастықты сақтау, экономиканы жаңғырту және халықтың әл-ауқатын арттыру мәселелеріне назар аударылды.
Сондай-ақ адами капиталды дамыту, жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасау және қоршаған ортаны қорғаудың стратегиялық маңызы атап өтілді.
Дөңгелек үстелге қатысқан қытайлық кәсіпкерлер Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен экономикалық басымдықтарына қызығушылық танытты. Олар, атап айтқанда, «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында Алатау қаласын дамыту, жол инфрақұрылымын жаңғырту, көлік-логистика әлеуетін арттыру, құрылыс материалдарын өндіру және агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыттарын талқылады.
Бірнеше компанияның өкілі құрылыс нысандары мен инвестициялық жобалармен танысу үшін Қазақстанға келуге дайын екенін жеткізді.
-Кездесу қорытындысында тараптар өзара қызығушылық тудырған бағыттар бойынша ынтымақтастықты жолға қоюға, әлеуетті жобаларды пысықтауға және қытайлық кәсіпкерлер делегациясының Қазақстанға жұмыс сапарын ұйымдастыруға уағдаласты,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Қазақстан энергетикасына Қытайдың Smart Grid технологиялары енгізілуі мүмкін екені туралы жаздық.