Қытайдың дін лидерлері Қазақстанның конфессияаралық диалогты нығайту жөніндегі бастамаларына қолдау білдірді

Фото: Фото: ҚР Сенатының баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – Парламент Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының меңгерушісі Мәулен Әшімбаев Қытайға сапары аясында ҚКП ОК Біріккен майдан бөлімінің меңгерушісі Ши Тайфэнмен және Қытайдың дін лидерлерімен кездесті.

Қытайдың дін лидерлерімен кездесуде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары Съезі Хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев жаһандық және өңірлік күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша Қазақстан мен Қытайдың ұстанымдары сәйкес екеніне назар аударды. Екі ел де әлемнің үйлесімді дамуын және тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса мән береді. Сондықтан Қазақстан Қытайдың әділетті және көпполярлы әлем қалыптастыруға арналған жаһандық бастамаларын қолдайды.

– Сондай-ақ Қазақстан да бейбітшілік пен келісімді нығайтуға бағытталған бірқатар халықаралық бастама көтерді. Олардың бірі де бірегейі – Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезін өткізу. Осы уақыттың ішінде Съезд дінаралық диалогты дәріптеу және әлемдегі өзекті проблемаларды шешу үшін рухани көшбасшылардың күш-жігерін жұмылдыруға арналған беделді әрі іргелі алаңға айналды. Осы ретте біз Қытайдың бұл бағытта көрсетіп келе жатқан қолдауын және сіздердің өкілдеріңіздің тұрақты қатысуын жоғары бағалаймыз, – деген Мәулен Әшімбаев Съезді дамытудың 2033 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру аясындағы бірлескен жұмыстың негізгі міндеттеріне тоқталды.

Сонымен қатар ол қазіргі сын-қатерлер мен геосаяси шиеленістер жағдайында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі рухани дипломатия арқылы адамзатты алаңдатқан әлемдік, экологиялық және рухани мәселелерді шешуге ықпал етуге тиіс екенін тілге тиек етті.

Осы ретте Съездің Ізгі ниет елшілері және Жас дін лидерлерінің форумы сияқты бастамалар маңызды рөл атқаратыны атап өтілді. Әртүрлі конфессиялардың, халықаралық және қоғамдық ұйымдардың өкілдерін, болашағынан зор үміт күттіретін жас ғалымдар мен саясаткерлерді біріктіретін бұл Форум алғаш рет былтыр қазан айында ұйымдастырылды.

Мәулен Әшімбаев жас көшбасшыларды Съезге жұмылдыру өркениетаралық және конфессияаралық диалогтың қалыптасқан дәстүрі мен сабақтастығын сақтауға оң әсерін тигізетінін айтты.

Сенат Спикері өз сөзінде Қытай даосистер қауымдастығы мен Қытай буддистер қауымдастығының төрағаларына Съезге белсенді қатысып, бейбітшілікті сақтауға және конфессияаралық диалогты дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін алғыс білдірді. 

Фото: ҚР Сенатының баспасөз қызметі

– Қазіргі таңда әлемде күрделі геосаяси ахуал қалыптасқаны белгілі. Жаңа сын-қатерлер пайда болып жатыр. Осыған байланысты бейбітшілік пен мәдениетке табан тіреген диалог арқылы діни, саяси және қоғамдық көшбасшылардың күш-жігерін біріктірудің маңызы артып отыр. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII Съезі дәл осы мақсатты көздейді. Сондықтан сіздерді VIII Съезге шақырамын. Қытай дін көшбасшыларының қатысуы форумның сәтті өтуіне оң ықпалын тигізеді деп сенемін, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде Ши Тайфэн Қазақстанның түрлі діндер өкілдері арасында диалог орнату және толеранттылық пен бейбіт қатар өмір сүру мәдениетін ілгерілету бағытында жүргізіп келе жатқан саясатын жоғары бағалады. Сондай-ақ ол Съезд жұмысы аясында Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі және Қытай дін көшбасшылары жаңа бірлескен жобалар үшін ашық екенін атап өтті.

Бұдан бұрын хабарлағандай, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезі 2025 жылы Қазақстан астанасында өтеді.

Еске салайық, бұған дейін Бейжіңде Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы, Қытай Халықтық саяси консультативтік кеңесі Ұлттық комитетінің төрағасы Ван Хунин мен Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэдзидің кездесулері өткен болатын.

Фото: ҚР Сенатының баспасөз қызметі