Қытайда биыл ғана пайдалануға берілген алып көпір опырылып түсті

Фото: The Economic Times

АСТАНА. KAZINFORM — Осыдан небәрі бірнеше ай бұрын ғана ашылған Қытайдың оңтүстік-батысындағы Хунци көпірінің бір бөлігі опырылып түсті, деп хабарлайды ВВС.

Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясында орналасқан Хунци көпірі ішінара құлап, аймақта қою шаң көтерілді. Бұл көпір небәрі бірнеше ай бұрын ғана пайдалануға берілген еді. Ол Қытайдың ішкі өңірін Тибетпен жалғайтын ұлттық автожол бойында орналасқан.

Биліктің мәліметінше, көпір маңындағы еңістер мен жолдарда жарықтар байқалғаннан кейін ол дүйсенбі күні жабылған. Алайда сейсенбі түстен кейін таулы аумақта көшкін жүріп, соның салдарынан көпірдің бір бөлігі опырылған.

Оқиға салдарынан зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.

Мердігер компания Sichuan Road and Bridge Group хабарлауынша, көпірдің құрылысы осы жылдың басында аяқталған.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, полиция көпірді құлардан бір күн бұрын, дүйсенбі түстен кейін көлік қозғалысын шектеп, толық жапқан. Бұл шешім көпір маңындағы еңістер мен жолдарда жарықтар пайда болғаннан кейін және оған жақын таудың топырағының ығысу белгілері байқалған соң қабылданған.

Еске сала кетсек, Қытайда әлемдегі ең биік көпір ашылды.

Ал Қазақстандағы ең биік көпірдің құрылысы келесі жылы аяқталады.