Қытайдың Шанхай қаласындағы партия басшысы тергеуге алынды

АСТАНА. KAZINFORM – Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының мүшесі, Шанхай қалалық партия комитетінің хатшысы Чэнь Цзининге қатысты тергеу басталды. Ол «тәртіп пен заңды өрескел бұзды» деген күдікке ілінген. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі «Синьхуа» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Берік Табынбаев/Kazinform

Тергеуді Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Тәртіпті тексеру жөніндегі орталық комиссиясы мен Мемлекеттік бақылау комитеті жүргізіп жатыр.

Қытайда мұндай ресми тұжырым әдетте сыбайлас жемқорлыққа қатысты істерде қолданылады. Алайда әзірге тергеудің нақты мән-жайы жарияланған жоқ.

Алдыңғы күні кешке Шанхай қалалық партия комитетінің басшылығы шұғыл отырыс өткізіп, Бейжіңнің шешімін толық қолдайтынын мәлімдеді. Қала билігі қауіпсіздік пен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуге, сондай-ақ жылдық экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізуге шақырды.

Чэнь Цзинин Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитеті Саяси бюросының құрамына кіреді. Бұл – билеуші партияның 24 адамнан тұратын жоғары басшылық органы.

Ол 2022 жылы Шанхай қалалық партия комитетінің хатшысы болып тағайындалғанға дейін Бейжің қаласының мэрі және Қоршаған ортаны қорғау министрі қызметтерін атқарған.

Еске салайық, бұған дейін Қытайда трансшекаралық банданың 11 мүшесі өлім жазасына кесілгені туралы жаздық.