Қытайлық роботтар енді үй шаруасымен айналысады

Фото: БЕЛТА

АСТАНА.KAZINFORM — Қытайдағы гуманоидты роботтар жартылай марафоннан кейін күнделікті үй жұмысын орындауға көшті, деп хабарлайды Reuters.

Қытайлық робототехника әзірлеушілері адам тәрізді роботтарды практикалық тұрғыда қолдануға басымдық беріп, олардың назарын әсерлі демонстрациялардан күнделікті тапсырмаларды орындауға ауыстырады. Бұған Бейжіңде өткен X Square Robot стартапының соңғы таныстырылымы дәлел бола алады.

Іс-шара барысында роботтар қарапайым әрекеттерді сенімді орындады — қоқыс жинап, гүлдерді сұрыптады. Мұндай көрсетілім бұрынғыдай акробатикалық іс-әрекеттерден әсерлі болмаса да, саланың дамуындағы жаңа кезеңді көрсетеді.

X Square Robot компаниясының бас директоры Ван Цянның айтуынша, роботтардың техникалық базасы жеткілікті деңгейде дамыған, алайда олардың «интеллекті» әлі де артта қалып отыр. Тіпті бөлме жинау, ыдыс жуатын машинаға ыдыс салу немесе киім бүктеу сияқты қарапайым тапсырмалардың өзі роботтар үшін үлкен қиындық тудырады.

Ванның түсіндіруінше, жүгіру сияқты қайталанатын қозғалыстарды автоматтандыру оңайырақ, себебі олар алдын ала болжанатын жағдайда орындалады. Ал нақты ортада заттарды басқару жоғары дәлдікті талап етеді — тіпті миллиметрдің үлесіндегі қате де бүкіл әрекетті бұзуы мүмкін.

Бұл мәселені шешу үшін компания 100-ден астам үй шаруашылығындағы деректерге негізделген Wall-B атты жасанды интеллект моделін әзірледі. Ол бейберекеттік, үй жануарлары және басқа факторлар сияқты нақты жағдайларды ескереді.

X Square Robot компаниясының штаб-пәтері Шэньчжэнь қаласында орналасқан. Стартап жаңа жүйені робот-шаңсорғыштарына мамыр айының соңында енгізуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар компания 58.com платформасымен серіктестік орнатып, Шэньчжэнь тұрғындарына робот көмегімен үй тазалау қызметіне тапсырыс беру мүмкіндігін ұсынды. Үш сағаттық қызмет құны 149 юань (шамамен 22 доллар). Компания дерегінше, роботтар 50-ден астам үйде жұмыс істеп үлгерген.

Айта кетейік, гуманоид робот жартылай марафоннан ерлер арасындағы рекордты жаңартты.