Қытайлық студент ЖИ арқылы сериал түсіріп, миллиондаған табыс тапты

АСТАНА. KAZINFORM — Сучжоу университетінің үшінші курс студенті ЖИ көмегімен анимациялық сериалдар түсіріп, бір жылға жетпейтін уақытта 3 миллион юаньнан (450 мың доллар) астам табыс тапты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі жергілікті БАҚ -қа сілтеме жасап.

Фото: www.yangtse.com

Сяо Тяньлэ студенттер жатақханасындағы бір компьютерден бастаған ісін ЖИ көмегімен қысқаметражды сериалдар шығаратын жобаға айналдырып, жүздеген туынды әзірледі. Командасының ең табысты сериалы 1,5 миллиард қаралым жинап, 2 миллион юаньнан астам табыс әкелді.

Сяоның сөзінше, ЖИ алгоритмдері күнделікті қайталанатын жұмыстарды атқаруға, сурет пен дыбыс жасауға және бастапқы мәтіндерді әзірлеуге көмектеседі. Ал соңғы монтаж, оқиғаның баяндалу ырғағын үйлестіру және ЖИ жасаған олқылықтарды түзету адам қолында қалады.

– ЖИ күнделікті қайталанатын көптеген жұмысты жеңілдетеді, бірақ оқиғаны баяндайтын адамның орнын баса алмайды, – деді ол.

Студент университетті тәмамдағаннан кейін режиссура мен драматургия бойынша білімін жалғастырып, қысқаметражды контенттен толықметражды кино түсіруге көшуді және ұлттық прокат куәлігін алуды көздеп отыр.

Сяоның табысы Қытайда ЖИ көмегімен түсірілетін шағын сериалдар нарығының қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. DataEye сараптамалық компаниясының мәліметінше, 2026 жылы бұл нарықтың көлемі 40 миллиард юаньға (6 миллиард доллар) жетіп, көрермендер саны 600 миллионнан асқан.

Бұған дейін Қытайда ЖИ көмегімен түсірілген алғашқы толықметражды фильм көрермен жинай алмағанын хабарлаған болатынбыз.