Қытайда ЖИ көмегімен түсірілген алғашқы толықметражды фильм көрермен жинай алмады
АСТАНА. KAZINFORM — Қытайда жасанды интеллект көмегімен түсірілген алғашқы толықметражды фильм прокаттың алғашқы аптасында 1,495 млн юань (225 мың доллар) табыс тапты. Ал оны түсіруге 10 млн юаньнан астам қаржы жұмсалған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бейжіңдегі меншікті тілшісі жергілікті БАҚ-қа сілтеме жасап.
Bona Film Group компаниясы түсірген «Саньсиндуй: Өткеннен келешекке» ғылыми-фантастикалық фильмі 23 қазанда прокатқа шықты. Картина кинотеатрларға арналған алғашқы гиперреалистік жасанды интеллект жобасы ретінде таныстырылды.
100 минутқа созылатын фильмде ежелгі Қытайдың Саньсиндуй өркениеті мен болашақ әлемінің тыныс-тіршілігі өзара сабақтасады. Сюжет көне таңбалардың құпиясын ашып, аса дамыған жасанды интеллекттің үстемдігіне түскен болашақ адамзатты құтқаруға ұмтылған археологтың төңірегінде өрбиді.
Көрермендер мен сала мамандарының бағалауынша, фильмнің көркемдік сапасы кинотеатрларда көрсетілетін туындылар деңгейінен төмен. Олар туындының сапасын жасанды интеллект көмегімен түсірілген алғашқы қысқаметражды фильмдермен салыстырады.
— Авторлардың қолында толыққанды сценарий емес, бірнеше тұжырымдамалық эскиз ғана болған сияқты. Олар бастапқы үлгілер негізінде көріністерді жай ғана жасанды интеллект арқылы құрастырғандай әсер қалдырады. Кадрлар мен сахналардың өзара үйлеспеуі де осыдан туындаған, ал дыбыстық безендірудің сапасы көңіл көншітпейді. Егер фильм көрерменге ақылы түрде ұсынылса, мұндай кемшіліктерді жасанды интеллект көмегімен жасалғанымен ақтауға болмайды, — деді кинематографист Гуань Яди.
Гуаньның айтуынша, жасанды интеллект көмегімен кино түсірудегі басты технологиялық кедергі — өндіріс процесінің ұзаққа созылуы. Фильмді әзірлеуге бірнеше жыл кеткен. Ал генеративті модельдер апта сайын жаңарып отырады. Соның нәтижесінде туынды жарыққа шыққанша оны жасауға пайдаланылған құралдар ескіріп үлгерген.
Бұған дейін Қытайда жаңа микросериалдардың 90%-дан астамы ЖИ көмегімен жасалатынын хабарлағанбыз.