Қытайлық жүргізушісіз таксилер Еуропада алғаш рет Лондонда сыналады

Фото: ТАСС

ЛОНДОН. KAZINFORM – Қытайдың жүргізушісіз таксилері 2026 жылдан бастап Лондон көшелерінде сынақ режимінде іске қосылуы мүмкін, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Америкалық такси шақыру сервистері Uber мен Lyft қытайлық Baidu компаниясымен әріптестік туралы келісімге келді. Тараптар толықтай роботтандырылған Apollo Go RT6 электрмобильдерін сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Ынтымақтастық аясында Baidu автокөліктері Uber мен Lyft қосымшалары арқылы қолжетімді болып, Лондондағы желілерде жұмыс істемек.

Baidu бұл салада едәуір тәжірибеге ие. Компанияның Apollo Go жүргізушісіз такси сервисі бүгінде 22 қалада, негізінен Қытай аумағында қызмет көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде автономды көліктер 17 миллионнан астам сапар жасаған.

Lyft компаниясының басшысы Дэвид Ришердің айтуынша, Лондон тұрғындары Еуропада алғаш рет қытайлық жүргізушісіз такси қызметін пайдалануы мүмкін. Билік рұқсат берген жағдайда, бастапқы кезеңде бірнеше ондаған көлік жолға шығып, кейін олардың саны жүздеген бірлікке дейін артады.

Ұлыбританияның көлік министрі Хейди Александер бұл бастаманы елдің жүргізушісіз көлік технологияларын дамыту жолындағы дұрыс бағытын көрсететін қадам деп бағалады. Ол жаңа технологияны енгізу біртіндеп жүзеге асатынын және қауіпсіздік басты басымдық болатынын атап өтті.

Сонымен қатар Uber лондондық Wayve компаниясымен де ынтымақтастық орнатқан. Бұл стартап 2026 жылы жүргізушісіз көліктерді сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Reuters агенттігінің жазуынша, Wayve шамамен 1 млрд доллар инвестиция тартқан.

Қазіргі таңда Wayve алдын ала жүктелген картасыз, нақты уақыт режимінде бағдар табуға мүмкіндік беретін жасанды интеллект технологиясын сынап жатыр. Тестілеу Лондонның күрделі көшелерінде жүргізілуде. Бұл компанияға жүргізушісіз көлік әзірлеу саласындағы ірі жаһандық ойыншылармен бәсекелесуге мүмкіндік береді.

Ұлыбритания жүргізушісіз көліктер үшін сынақ алаңына 2024 жылы қабылданған автоматтандырылған көлік құралдары туралы заңның арқасында айналып отыр. Аталған құжат жол-көлік оқиғалары кезінде жауапкершіліктің кімге жүктелетінін нақты айқындайды. Ал Еуропалық одақ елдерінде мұндай бірыңғай заң әлі қабылданған жоқ.

Сонымен бірге сарапшылар жүргізушісіз таксилердің экономикалық тиімділігі мен қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық бар екенін айтады. Reuters дерегінше, Pony.ai және WeRide сияқты қытайлық автономды көлік компаниялары әлі де шығынмен жұмыс істеп отыр. Ал мамандар жүргізушісіз автопарктердің жоғары құны Uber мен Lyft секілді сервистердің табыстылығына кері әсер етуі мүмкін екенін ескертеді.

Лондон университеттік колледжінің профессоры Джек Стилгоудың айтуынша, бірнеше көлікті сынау бір бөлек, ал оны толыққанды әрі сенімді қоғамдық көлікке айналдыру мүлде басқа мәселе.

Сауалнамаларға сәйкес, британдықтардың шамамен 60 пайызы қандай жағдай болмасын жүргізушісіз таксиге отырмайтынын айтқан. Ал 85 пайызы баға мен ыңғайлылық бірдей болған жағдайда жүргізушісі бар таксиді таңдаған.

Бұқаралық ақпарат құралдарында жүргізушісіз көліктердің жұмысына қатысты ақаулар жөнінде де жиі хабар тарайды. Кей жағдайда мұндай көліктер жолда тоқтап қалып, кептеліс тудырады немесе апатқа ұшырайды. Мысалы, жуырда Waymo сервисі электр қуатының өшуіне байланысты Сан-Францискодағы қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай технологияларды енгізумен қатар қауіпсіздік, деректерді қорғау және қозғалысты реттеу бойынша нақты стандарттар қалыптастыру маңызды.

Айта кетейік, Лондон қала орталығындағы жол кептелісімен ұзақ жылдардан бері күресіп келеді. Профессор Стилгоудың айтуынша, кептеліс тұрғысынан алғанда «бір жолаушысы бар көліктен де жаманы – ішінде мүлде жолаушысы жоқ автомобиль».

Бұған дейін жүргізушісіз такси қызметі Доха мен Дубай қалаларында іске қосылған болатын.

Ал Қазақстанда Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев такси нарығын «көлеңкелі аймақтан» шығаруға шақырған еді.