Қыз алып қашу романтика емес — адвокат жаңа заңның маңызын айтты

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда сталкингке қатысты қылмыстық жауапкершілікті жетілдіріп, киберсталкинг, қорқыту және психологиялық қысым көрсету фактілері үшін жауапкершілікті саралау қажет. Бұл туралы Мәжілісте өткен дөңгелек үстелде Астана қаласы адвокаттар алқасының мүшесі, Республикалық адвокаттар алқасы тәртіптік комиссиясының төрайымы Әсел Тоқаева айтты.

Фото: halyqline.kz

Оның айтуынша, 2025 жылы Қылмыстық кодекске енгізілген 115-1-бап «Сталкинг» азаматтарды қудалаудан қорғауға деген қоғамдық сұранысты көрсетеді. Алайда қазіргі редакциясы біршама жеңілдетілген сипатқа ие.

— Қолданыстағы редакция бір ғана бөліктен тұрады. Онда әрекеттің қоғамдық қауіптілік деңгейіне, қудалаудың ұзақтығына, жасалу тәсілдеріне және салдарына қарай жауапкершілік сараланбаған. Соның салдарынан бір реттік мазасын алу әрекеті мен жүйелі түрде қудалау фактілері үшін бірдей жаза қарастырылған. Қазіргі таңда мұндай әрекеттер үшін 200 АЕК дейін айыппұл немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу жазасы көзделген, — деді ол.

Адвокаттың айтуынша, бапта бопсалау және күш көрсету әрекеттері қамтылмаған. Мұндай жағдайда құқық бұзушылықтар өзге, ауырлау қылмыстық баптар бойынша сараланады. Соның нәтижесінде ұзақ уақытқа созылған психологиялық қысым мен қудалау фактілері көбіне құқықтық бағасын алмай қалады.

Сондай-ақ сарапшы қолданыстағы норма қазіргі заманғы қудалау түрлерін толық ескермейтінін атап өтті. Оның ішінде киберсталкинг, үшінші тұлғалар арқылы қысым жасау және техникалық бақылау құралдарын пайдалану секілді әрекеттер бар.

Әсел Тоқаева Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы — «Некеге мәжбүрлеу» нормасының да маңыздылығына тоқталды.

Оның пікірінше, бұл баптың қабылдануы қыз алып қашу тәжірибесіне қарсы күрестегі маңызды қадам. Өйткені қоғам дамығанына қарамастан, мұндай жағдайлар еліміздің кейбір өңірлерінде әлі де кездеседі.

Сонымен қатар адвокат жаңа нормалардың тиімді жұмыс істеуі үшін қосымша шаралар қажет екенін айтты.

Атап айтқанда, өңірлерде кең көлемді ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу, ұзақ мерзімді сот қорғау ордерлерін енгізу және құқық қорғау органдарының жәбірленушілер құқығын қорғаудағы қағидатты ұстанымын қамтамасыз ету маңызды.

— Қыз алып қашу да, адамның соңынан түсіп қудалау да романтика немесе дәстүр емес, бұл — құқық бұзушылық. Қабылданған заңдар құқықтық мемлекет құру жолындағы ілгерілеу. Ендігі міндет — олардың тиімді қолданылуын қамтамасыз ету. Сонда ғана әрбір әйел мен әрбір Қазақстан азаматы өзін қауіпсіз сезіне алады, — деді Әсел Тоқаева.

Еске сала кетейік, мемлекет басшысы қыз алып қашу ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін жабайы қылмыс екенін айтқан еді.