Қыз алып қашу: Жаңа заң қабылданғалы бері елде қанша қылмыстық іс тіркелді
АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылғы қыркүйектен бастап Қазақстанда некеге мәжбүрлеу қылмыстық құқықбұзушылық ретінде заңмен бекітілді. Қылмыстық кодекске енгізілген 125-1-бап қоғамда көптен бері талқыланып келе жатқан қыз алып қашу мәселесіне құқықтық нүкте қойды. Енді «салт» немесе «дәстүр» деген желеумен жасалған мәжбүрлеу әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдары комитетінің деректеріне сәйкес, жаңа норма күшіне енген уақыттан бері елімізде «Некеге мәжбүрлеу» бабы бойынша 18 қылмыстық іс тіркелген.
Қыз алып қашу қай өңірлерде көп тіркелді?
Ресми статистикаға сүйенсек, некеге мәжбүрлеу деректері бірқатар өңірде анықталған:
Маңғыстау облысы – 7
Қарағанды облысы – 5
Түркістан облысы – 2
Ақтөбе қаласы – 2
Шымкент қаласы – 2
Жамбыл облысы – 1
Қызылорда облысы – 1 іс.
Қылмыстық істің басым бөлігі тергеу сатысында болғанымен, 3 іс бойынша тергеу аяқталып, сотқа жолданған.
Жәбірленушілердің портреті қандай?
Жалпы жәбірленушілердің әлеуметтік портреті мынадай:
– Жәбірленушілер саны – 20 адам.
Жасы:
14–17 жас – 8
18–20 жас – 6
21–29 жас – 4
30–39 жас – 2
Ішінде 7 қыз жоғары оқу орны студенті.
Кейбір мәжбүрлеу әрекеттері қоғамдық орындарда, көшелер мен саябақтарда, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясында жасалған.
Министрлік не дейді?
Әділет органдарының түсіндіруінше, 125-1-бап бойынша некеге мәжбүрлегені үшін айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.
– Егер некеге мәжбүрлеу зорлық-зомбылықпен, кәмелетке толмағанға қатысты немесе адамдар тобы арқылы жасалса, жаза қатаңдатылады. Ал ауыр зардаптарға әкелген жағдайда кінәлі тұлға 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – делінген ресми түсіндірмеде.
Айта кетейік, Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қыз алып қашу — ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін жабайы қылмыс екенін айтқан еді.
Сондай-ақ танымал мәдениеттанушы Зира Наурызбаева қазақ дәстүрінде «қыз алып қашу» болмағанын айтып берген еді.