Қазақстанда алғаш рет «ҚыздарНет» сайты арқылы жезөкшелікті ұйымдастыруды қолға алған трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың жетекшісі мен қатысушылары қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, тергеу бөлімшелерінің мамандары соңғы жылдары тыйым салынған веб-ресурстың қызметіне байланысты жеңгетайлық дерегі бойынша 5 қылмыстық істі сотқа жолдаған. Осы қылмыстық істердің материалдарын талдау қылмыстық желінің жұмыс істеу схемасын анықтауға және қылмыстық ұйымның келесі деңгейіне шығуға мүмкіндік берді.
— Қылмыстық іс 2025 жылғы мамыр айында тіркелді. Ведомствоаралық тергеу-жедел тобының құрамына СҚО полиция департаменті мен Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері кірді. Жұмыс Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілді. Тергеу бұрын-соңды болмаған ауқымда жүргізілді. Тергеу және жедел-іздестіру іс-шаралары барысында цифрлық іздер зерттеліп, криптовалюта қолданылған транзакциялар мен халықаралық серверлік инфрақұрылым арқылы жүргізілген операциялар бақыланды, — дейді полицейлер.
Мамандардың айтуынша, өткен жылдың шілде айында Астанада және Қазақстанның басқа да қалаларында жүргізілген арнайы операция нәтижесінде алты күдікті ұсталды. Олар ел аумағында жезөкшелікпен айналысатын адамдардың жарнамасын жасап, сайтты әкімшілендірген, сондай-ақ сайт ұйымдастырушыларының мүддесіне криптовалютамен операциялар жүргізген.
Тергеу 8 айға созылды. 2026 жылғы 19 маусымда СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ұйымдасқан қылмыстық топтың негізгі алты қатысушысына қатысты айыптау үкімін шығарды. Олар ҚР Қылмыстық кодексінің 264-бабының 1-бөлігі және 309-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Ал іс бойынша айыпталушылардың бірі бұған қоса ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабының 2-бөлігі және 218-бабының 1-бөлігі бойынша да сотталды.
Ұйымдастырушы 10 жылға бас бостандығынан айырылды, ал бес негізгі менеджердің әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Полицейлердің айтуынша, осы қылмыстық іс бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасқан. Сайт қызметіне қатысы бар тағы бір қыз Грузияда ұсталды, қазір оны Қазақстанға экстрадициялауға дайындық жүргізілу үстінде. Жедел уәкілдер, тергеушілер мен криминалистер қылмыстық схеманың барлық қатысушыларын анықтау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Бұған дейін Алматыда интим қызмет көрсеткен студия әшкере болғанын жазған едік.