Бұл жолы «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының фототұзағы ерекше сәтті тіркеді. Қазақстанның Қызыл кітабына енген үкі қоян аулап жатқан сәтінде камераға түсіп қалды.
Үкі – түнгі табиғаттың ең шебер жыртқыштарының бірі. Оның өткір көру қабілеті, сезімтал есту мүшелері мен қуатты тырнақтары аң аулауға жақсы бейімделген.
Біз үшін бұл – сирек кадр. Ал табиғат үшін – тіршіліктің қалыпты заңдылығы. Жыртқыштар қоректік тізбектің маңызды бөлігі ретінде экожүйедегі табиғи тепе-теңдікті сақтауға қатысады.
Осындай бейнежазбалар фототұзақтардың маңызын көрсетеді. Олар адам көзіне сирек түсетін жануарлардың тіршілігін мазаламай бақылауға, мінез-құлқын зерттеуге мүмкіндік береді.
Табиғаттың әрбір тұрғыны маңызды. Олардың тіршілік ету ортасын сақтау – ортақ міндетіміз.
Алтынемел табиғи паркіндегі фототұзақ маңында арқарлар жүргенін жазған едік.