Қаржылық мониторинг агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті «Қызыл-Жар» клубының бұрынғы президенті Григорий Лорияға мемлекетаралық іздеу жариялады.
— Лория Григорий Отарович, 1954 жылғы 18 наурызда туған, Қазақстан Республикасының азаматы, «Қызыл-Жар СҚ» футбол клубы» ЖШС-нің бұрынғы президенті. Ол жалпы сомасы 414 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды және салық төлеуден жалтарды деген күдікке ілінген, — делінген ведомство хабарламасында.
Белгілі болғандай, 2023 жылы футбол клубының қызметін қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінген. Тергеу дерегіне сай, күдікті бас бухгалтермен және өзге де тұлғалармен алдын ала сөз байласып, жалған қаржылық құжаттарды пайдаланған, қаражаттың жеке шоттарға негізсіз аударылуын ұйымдастырған.
— Сондай-ақ бухгалтерлік және салық есептілігіне көрінеу жалған мәліметтердің енгізілуін қамтамасыз еткен. Атап айтқанда, салық декларацияларында қызметкерлердің табысы, еңбекақы төлеу қоры және ұйымның жылдық жиынтық табысы төмендетіліп көрсетілген. Егер іздеуде жүрген азаматтың қайда екені туралы қандай да бір ақпарат білсеңіз, Қаржылық мониторинг агенттігіне хабарлауыңызды сұраймыз. Байланыс телефондары: 7 (7172) 70-84-78 — кезекші бөлім. Call-орталық: 1458, — деп ескертті ҚМА баспасөз қызметі.
Осыған дейін «Қызылжар» футбол клубының жаңа бас бапкері тағайындалғанын жазғанбыз.