Айта кетейік, 2024 жылдың 24 қыркүйегінде агенттік сайтында «Қызылорда тұрғыны аялдамадағы ақпаратты мемлекеттік тілде жазуды сұрап, сотқа жүгінді» деген тақырыппен ақпарат жарияланған болатын. Осы мәселеге қатысты түсініктеме берген Қызылорда қаласының әкімдігі аялдамалардағы жазбалар қазақ тілінде жарияланып жүргенін фото және видео материал арқылы дәлелдеуге тырысты.
«Қызылорда қаласындағы автобус аялдамаларындағы ақпараттардың мемлекеттік тілде орнатылуына қатысты мониторинг жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде аялдамалардағы электронды тақталардағы жазбалар қазақ тілінде көрсетіліп тұрғаны анықталды. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандары бұдан бөлек басқа да нысандарда тілге қатысты заңнама талаптарының сақталуына мониторинг жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде», - деп атап өтті әкімдіктен.
Алайда, бұған дейін жарияланған ақпаратта Қызылорда қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты талап қоюшының мемлекеттік тілде ақпараттар алуға қатысты конституциялық құқықтары бұзылғанын ескеріп, талап қоюды қанағаттандырып, жауапкерге автобус аялдамаларындағы ақпараттарды мемлекеттік тілде орнатуды міндеттегені айтылған еді.