АСТАНА. KAZINFORM — Қызылорда облысында 10 киіктің ұшасын сақтаған тұрғын ұсталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жалағаш аудандық полиция бөлімі қызметкерлері «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасын жүргізді.
«Аталған шара барысында жойылып кету қаупі төніп тұрған киік жануарын сақтап, қылмыстық жолмен пайда тапқысы келген 50 жастағы облыс тұрғыны қолға түсті. Күдіктінің тұрғылықты мекенжайын тексеру барысында 10 киіктің ұшасы, ет және балта айғақ зат ретінде алынды», — деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Ведомство мәліметінше, аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері басталды. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалған.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада жол-көлік оқиғасында жасөспірімнің өліміне себеп болған жүргізуші сотталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.