Қызылорда облысында 140-тан астам сотталған адамға рақымшылық жасалады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заң аясында Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты мекемелерден 30-дан астам адам босатылды.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana/ Canva

Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағандай, №60 мекемеден 1 адам бостандыққа шықты. Оның жазасы өтелмеген 1 жылға жуық мерзімі қалған болатын. Қалалық №2 сот қаулысымен жаза мерзімінің белгілі бір мерзімі қысқартылып, нәтижесінде мекеме есебінен шығарылды.

Мекеменің арнайы есепке алу бөлімінің бастығы, әділет аға лейтенанты Берік Қазбековтің айтуынша, рақымшылық туралы заң жазасын өтеп жатқан 100-ге жуық адамға қолданылады.

- Бүгінгі күнге дейін 20-дан астам адам бостандыққа шықты. Сонымен қатар 80-ге жуық сотталғанның жаза мерзімі қысқарады, – деді ол.

Рақымшылық заңы облыс бойынша 140 шақты адамға қолданылады. Қылмыстық атқару жүйесінің қызметкерлері оларды қоғамға қайта бейімдеу, жұмысқа орналасуына және әлеуметтік мәселелерін шешуге ықпал ету бағытында жұмыс атқарып жатыр.

Еске салайық, Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жолы 210 сотталған рақымшылыққа ілігеді.