Ақтөбеде 200-ден астам жазасын өтеуші рақымшылыққа ілігеді
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Оның көбінде жаза мерзімі қысқартылады. Ал 48 адам жазадан босатылады.
Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл жолы 210 сотталған рақымшылыққа ілігеді. Оның ішінде 48 сотталған жазадан толық босатылса, 162 адамның жаза мерзімі қысқартылады.
- Ақтөбедегі №9 мекемеде 27 сотталған рақымшылыққа ілігеді. Оның жетеуі бостандыққа шықты. Бостандыққа шыққандар арасында кәмелетке толмаған екі баланың анасы да бар. Ол жазасын өтеу мекемесінде екі айға жуық уақыт болды. Бостандыққа шыққан азаматтарға «Мансап» орталығының мамандары оқу және жұмысқа орналасу мәселелері бойынша кеңес беріп, қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсетеді,- деп хабарлады Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі.
Еске салсақ, 33 жыл бойы жылқы бағып, сотталған ақтөбелік рақымшылыққа ілікті. Мұғалжар аудандық соты сотталушы Рахат Сәрсеновті 7 жылға бас бостандығынан айырды.
Апелляциялық сатыда іс қайта сараланып, жылқышы рақымшылыққа ілікті, сот залынан босап шықты.