Қаңғыбастық пен кезбелікке салынған 231 жасөспірім бейімдеу орталығына орналастырылды.
— Түнгі уақытта заңды өкілінсіз ойын-сауық және тұрғын жайдан тыс жүрген 8 124 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балаларды тәрбиелеу және білім беру жөніндегі міндеттерін орындамаған 1 410 ата-анаға әкімшілік хаттама ресімделді. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 220 кәсіпкер және оларға темекі бұйымдарын сатқан 39 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ішкі істер органдарына 102 жасөспірім, 130 қолайсыз отбасы есепке алынып, олармен жеке дара профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Бұдан бөлек, жасөспірімдердің көлік құралын басқару фактілері де алаңдаушылық туғызып отыр.
Жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың көлік тізгініне отыруының 40 дерегі анықталған. Оның 16-сы жол-көлік оқиғасымен аяқталды.
— Полиция қызметкерлері анықталған деректер бойынша тиісті шаралар қабылдап, жасөспірімдерге, олардың ата-аналарына түсіндіру жұмысын жүргізді. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында оқушылармен кездесулер ұйымдастырылып, жол қауіпсіздігі, заң талаптарын сақтау және құқықбұзушылықтың салдары жөнінде профилактикалық әңгімелер өткізіліп тұрады, — деп мәлімдеді департамент.
Еске салайық, жуырда Шығыс Қазақстан облысында республикалық «Қауіпсіз үй» жедел профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды. Бір ай ішінде полицейлер мүдделі органдармен бірлесіп, ерекше назар аударуды қажет ететін 5 мыңнан астам мекенжайды анықтап, 975 қауіп факторын жою бойынша шаралар қабылдады.