«Қауіпсіз үй»: ШҚО-да 112 құқықбұзушылық анықталды

АСТАНА. KAZINFORM — Шығыс Қазақстан облысында республикалық «Қауіпсіз үй» жедел профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды. Бір ай ішінде полицейлер мүдделі органдармен бірлесіп, ерекше назар аударуды қажет ететін 5 мыңнан астам мекенжайды анықтап, 975 қауіп факторын жою бойынша шаралар қабылдады. Жалпы, 12 мыңға жуық тұрғын үй тексерілді.

«Қауіпсіз үй»: ШҚО-да 112 құқықбұзушылық анықталды
Фото: Polisia.kz

Polisia.kz мәліметінше, балалардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келуі мүмкін отбасыларға ерекше назар аударылды. Мәселен, Риддер қаласында полиция қызметкерлері, қорғаншылық және қамқоршылық органдары мен пробация қызметінің мамандары бірлесіп жүргізген тексеру барысында 4 кәмелетке толмаған бала тәрбиеленіп жатқан отбасы анықталды. Отбасы санитарлық талаптарға сай келмейтін жағдайда өмір сүрген. Тұрғын үйде азық-түлік пен ауызсу болмаған. 

Балалардың өмірі мен денсаулығын, құқықтарын қорғау мақсатында 4 бала да отбасынан алынды. Оның біреуі ауруханаға жатқызылса, үшеуі «Үміт» кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды.

Профилактикалық есепте тұрған адамдарды бақылау да жұмыстың маңызды бағыттарының бірі болды. Полицейлер 10 925 тексеру жүргізіп, нәтижесінде 112 құқықбұзушылықты анықтады.

Тұрғындармен байланыс орнатуға да басымдық берілді. Полиция қызметкерлері облыс тұрғындарымен 436 кездесу өткізіп, оған 13 мыңнан астам адам қатысты. Азаматтардан 378 ұсыныс түсіп, оның 341-і бойынша тиісті шаралар қабылданды.

— Жедел профилактикалық іс-шараның аяқталуы бұл бағыттағы жұмыстың тоқтайтынын білдірмейді. Тұрғындардың өмір сүру жағдайын бақылау, балалардың құқықтарының бұзылуына қатысты хабарламаларға дер кезінде ден қою, профилактикалық есепте тұрған адамдарды қадағалау және халықпен өзара жұмысты жалғастыру полиция қызметінің маңызды бағыттары болып қала береді, — делінген ақпаратта.

Айта кетейік, Оқу-ағарту министрі БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілімен кездесті. Елде балаларды қорғау жүйесі жетілдірілмек.