Әр бала қауіпсіз болуы керек: Елде қорғау жүйесі жетілдірілмек
АСТАНА. KAZINFORM — Оқу-ағарту министрі БҰҰ Бас хатшысының арнайы өкілімен кездесті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғауға, зорлық-зомбылықтың алдын алуға және әрбір баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңнамалық және институционалдық реформалар жүзеге асырылып жатыр.
Осы мәселелер Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың Қазақстанға жұмыс сапарымен келген БҰҰ Бас хатшысының балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселелері жөніндегі арнайы өкілі Наджат Маалла Мджидпен кездесуінің негізгі тақырыбы болды.
Кездесуге Қазақстан Республикасы Құрылтайы төрағасының орынбасары, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева, БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) және Оқу-ағарту министрлігінің қызметкерлері де қатысты.
Жұлдыз Сүлейменова балалардың құқықтарын қорғаудың ұлттық жүйесіндегі негізгі өзгерістерді, сондай-ақ 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасының басты бағыттарын таныстырды.
— Балаларды қорғау инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Өңірлік бала құқықтарын қорғау басқармаларын құру, қорғаншылық және қамқоршылық органдары мен психологиялық қолдау орталықтарының жұмысын жетілдіру, көмекке мұқтаж балаларды ерте анықтау және бейінді қызметтердің өзара іс-қимылы талқыланды, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ зорлық-зомбылық пен буллингтің алдын алу, білім беру ұйымдарындағы психологиялық қауіпсіздікті нығайту және балалардың, оның ішінде «111» байланыс орталығы арқылы көмекке жүгіну мүмкіндіктерін кеңейту шаралары қарастырылды.
Осыған дейін Қазақстан бала құқығы жөнінен әлемдік рейтингте үздік 25 елдің қатарына енгенін жазғанбыз.