Қызылорда облысында 70-ке жуық жазасын өтеуші отбасын құрды

Фото: "Азаматтары арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Қызылорда филиалы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің мекемелерінде  мыңнан астам  адам жазасын өтеп жатыр.

Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағандай, олардың арасында жаңа өмірге бетбұрыс жасап, отбасын құрғандар аз емес.

- Жыл басынан бері 6 адам заңды некеге тұрған. Өткен жылы 70-ке жуық адам шаңырақ көтерген. Жуырда ұрлық бабы бойынша сотталған тағы бір азамат сүйіктісімен некесін заңдастырды, - делінген хабарламада.

Кейіпкеріміз отбасылық өмірге үлкен дайындықпен келген.

- Мекемеде өткізілетін психологиялық тренингтерден өтіп тұрамын. Оған қоса тұрақты жұмысым бар. Мекеменің өндіріс аймағындағы жеке кәсіпкерде қолөнер бұйымдарын жасаймын. Үйде отбасым күтіп отырған соң менде үміт те, арман да пайда болды, - деді кейіпкеріміз.

Мекеме мамандарының айтуынша, сотталғандардың некеге тұруына барлық заңды жағдай жасалған. Олар, алдымен, мекеме заңгерлерінен кеңес алып, өтініш рәсімдейді. Кейін АХАТ бөлімінің қызметкерлері неке қию рәсімін өткізіп, неке куәлігін табыстайды.

- Түзеу мекемелерінде неке қию жазасын өтеушілерге оң әсерін тигізеді. Отбасылы болған азаматтар тәртібін түзеп, мерзімінен бұрын босап шығуға ұмтылады. Өмірге көзқарасы өзгеріп, қоғамдағы орнын табуға талпынады. Бостандыққа шыққан соң отбасы алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді. Өтініш білдірушілердің арасында ұзақ жыл бірге өмір сүргенімен ресми некеге тұрмағандар да кездеседі, - дейді №60 мекеменің заңгері Ардақ Ізмағанбетова.

Еске салсақ, өткен жылы облыста100-ден астам сотталған адамға қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындалды.