Қызылорда облысында аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткі тасымалдаған азаматша ұсталды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында полицейлер аса ірі мөлшерде синтетикалық есірткі затын тасымалдаған азаматшаны ұстады.
Бұл бағытта Қызылорда облысында ҚР Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің полицейлері «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында арнайы жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Аталған шара облыстық прокуратураның үйлестіруімен өткізілді.
— Іс-шара барысында Ақтөбе қаласынан 5,66 грамм, аса ірі мөлшерде «мефедрон» түріндегі синтетикалық есірткі затын Байқоңыр қаласына тасымалдағаны үшін күдіктелген азаматша ұсталды. Ол синтетикалық есірткі затын заңсыз иемденіп, өзімен бірге сақтаған. Күдіктіге қатысты сот санкциясымен 2 ай мерзімге күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды. Тергеу жүргізіліп жатыр, — деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында алауыздық тудыратын жазба таратқан тұрғын сотталды.