Қызылорда облысында қандай жолдар аса қауіпті екені белгілі болды

Фото: ҚазАвтоЖол

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – 2025 жылдың алғашқы жартысында жол қозғалысын қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында Қызылорда облысында 144 164 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның 81 209-ы – жол ережесіне тікелей әсер ететін өрескел жағдайлар.

Тәртіп сақшылары мониторинг барысында облыс аумағында қандай жолдар көлік жүргізушілер үшін аса қауіпті екенін анықтады.

— Адам өлімімен аяқталатын жол-көлік оқиғаларының басым көпшілігі Қарабұтақ-Қызылорда-Шымкент тас жолының Қызылорда-Ақтөбе бағытында тіркеледі. Оның 566 шақырымы екінші дәрежелі болса, Қызылорда-Түркістан бағытындағы жолдың 541 шақырымы бірінші дәрежелі. Қайғылы жағдайларға осы себеп әсер етіп отыр. Сонымен қатар шетелдіктердің көбі транзиттік жолдарда ереже сақтай бермейді. Мысалы, есепті кезеңде 6 жол-көлік оқиғасынан 7 адам көз жұмып, 11 адам жарақат алған. Оның арасында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің азаматтары бар, — деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Рауан Әлдешов.

Қызылорда-Ақтөбе аралығындағы республикалық маңызы бар жол арқылы тәулігіне шамамен 10 мың көлік өтеді. Соңғы бес жылда екі аралықты жол қылған көлік саны 79,4%-ға өскен.

Бұған дейін біз Қызылордада жылдамдықты бақылауға арналған «көзге көрінбейтін» камералардың пайда болғаны туралы ақпаратты облыстық полиция департаменті растағанын хабарлағанбыз.