Қызылорда облысында мемлекеттен көмек алушыларды қысқартудан 1,5 млрд теңге үнемделді

Фото: Фото: pexels.com

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Мемлекеттен көмек алушылар санын қысқарту есебінен Қызылорда облысында 1,5 млрд теңге үнемделді. 

Былтыр Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент мемлекет көмегі тек шын мұқтаждарға берілуі керек екенін айтқан болатын. Осыған орай қала, аудан әкімдіктері жанынан мониторингтік топтар құрылып, көмек алушылар санын 30%-ға төмендету жоспарланды.

– Былтыр жоспар 31,5%-ға орындалып, 1,5 млрд теңге қаржы үнемделді. Сөйтіп, 33 759 адамға 3,1 млрд теңге, алты жастағы 10 330 балаға 413,3 млн теңге қосымша төленді, - деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева. 

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік саясаттың басты бағыттарына тоқталған болатын.