Тоқаев: Үкімет әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде тым сақтық танытуда

АСТАНА. KAZINFORM – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында әлеуметтік саясаттың басты бағыттарына тоқталды.

Кеңейтілген отырыс
Фото: Ақорда

- Тағы бір мәселе – мемлекет тарапынан берілетін әлеуметтік көмектің нақты иесіне жетуі. Көмек шын мұқтаж адамдарға берілуге тиіс екені қаншама рет айтылды. Қазақстан – шын мәнінде әлеуметтік мемлекет. Бірақ бұл – азаматтарымыздың, әсіресе, өскелең ұрпақтың еңбек етуге ынтасын азайтып, оларды масылдыққа үйрету деген сөз емес.

Қазақстанға көрші елдерден жүз мыңдаған еңбек мигранты жұмыс іздеп келіп жатыр. Олардың бұл әрекетін құрметке лайық деуге болады. Себебі олар отбасына нәпақа табу үшін жұмыс істегісі келеді. Үкімет әлеуметтік көмек мәселесіне келгенде тым сақтық танытуда. Десек те, нақты ұсыныстар мен оны шешу жолдарын қарау қажет, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы тұрғын үй қорын басқару жүйесін жаппай реформалау керектігін айтты.

- Қала құрылысын жоспарлаудан бастап, нысандарды пайдалануға беруге дейінгі барлық үдерісті цифрлық форматқа толық көшіру қажет. Бірыңғай ақпарат жүйесін жыл соңына дейін әзірлеу керек. Біз былтыр тұрғын үй құрылысы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік (19 млн. шаршы метр). Бұл – өте жақсы. Бірақ тұрғын үйдің санына емес, сапасына және оның қолжетімді болуына баса назар аударған жөн, - деді Президент.

Айта кетейік елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Отырыста Мемлекет басшысы жер қойнауын пайдалануда реформа еш кедергіге қарамастан жалғасуға тиіс екенін атап өтті.

 

Соңғы жаңалықтар