Қызылорда облысындағы 2 ауданда әкім сайлауында 70 мыңнан астам адам таңдау жасайды

Фото: Фото: Kazinform

Қызылорда облысында Сырдария және Шиелі аудандарында өтетін әкім сайлауында 70 мыңнан астам адам таңдау жасай алады, деп хабарлайды Kazinform. 

Қызылорда облысында 5 қарашада Сырдария және Шиелі аудандарында әкім сайлауы өтеді. Бұл мақсатта Сырдарияда – 18, Шиеліде 40 учаскелік комиссияның 388 мүшесі жұмыс атқарады.

«Қос ауданда 70 мыңнан астам сайлаушы тіркелген. Олар үшін үйден дауыс беру мүмкіндігі де қарастырылған. Ол үшін жергілікті тұрғын алдын ала өтініш беруі керек. Учаскелік комиссия мүшелері тасымалданатын жәшікпен бірге сайлаушының үйіне барып, оның дауыс беруіне мүмкіндік жасайды. Алғаш рет дауыс беретін азаматтарға арнайы сыйлықтар ұйымдастырылады. Сайлау комиссияларының мәліметі бойынша 2 ауданда 1011 азамат алғаш рет дауыс беруге қатысады. Оның 694-ы Шиелі, 317-і Сырдария ауданында тұрады. Сондай-ақ пилоттық сайлау өтетін аудандарда 5 қараша күні 18 жасқа толатын 5 азамат бар. Олар да өз конституциялық құқығын пайдалана отырып дауыс бере алады», - деп мәлім етті облыстық сайлау комиссиясынан.

Әрбір сайлаушы өз учаскесін сайлау күніне дейін арнайы платформа арқылы анықтай алады. Ол үшін әрбір азамат saylau.orda.gov.kz сайтына кірсе жеткілікті.

Еске салсақ, екі ауданға кандидат ретінде 6 азамат тіркелді. Олардың барлығы да жоғары білімді, мемлекеттік қызметтің түрлі сатысынан өткен.