Мамандардың айтуынша, пиротехникалық бұйымдарды тұрғын үйлер, автокөліктер мен тез тұтанатын нысандардың маңында пайдалану өртке, түрлі жарақатқа және басқа да қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Әсіресе, балалардың мұндай заттарды өз бетінше қолдануы қауіпті.
— Пиротехниканы тек мамандандырылған сауда орындарынан сатып алуға, өнімнің сертификаты мен жарамдылық мерзімін тексеруге кеңес береміз. Бұйымды іске қоспас бұрын нұсқаулығын мұқият оқып, қауіпсіз қашықтықты сақтау қажет. Пиротехниканы жабық ғимараттарда, балкондарда, ғимараттардың шатырлары мен қасбеттерінде, сондай-ақ бұқаралық іс-шаралар өтетін орындарда пайдалануға болмайды. Жұмыс істеп тұрған бұйымды қолда ұстауға, білтесі өшіп қалған жағдайда қайта тұтатуға және іске қосылған өнімге бірден жақындауға тыйым салынады, — деді облыстық полиция департаментінің басқарма бастығы Ердәулет Жаукееев.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің талабына сәйкес елді мекендерде пиротехникалық бұйымдарды белгіленген тәртіпті бұза отырып қолданғаны үшін 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.
— Ал пиротехникалық заттарды сақтау және сату тәртібін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 5 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 10 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 15 АЕК, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 45 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Бұдан бөлек заңсыз сауда жасағаны үшін 25 АЕК мөлшерінде айыппұл көзделген. Кәмелетке толмағандар құқық бұзған жағдайда заңда белгіленген тәртіппен олардың ата-аналары немесе заңды өкілдері жауапқа тартылуы мүмкін, — деді Ердәулет Жаукееев.
Еске салайық, Петропавлда «Пиротехника» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында сауда орындары тексеріліп жатыр.