Петропавлда рұқсатсыз сатылған пиротехникалық бұйымдар тәркіленді

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Петропавлда «Пиротехника» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында сауда орындары тексеріліп жатыр.

Петропавлда рұқсатсыз сатылған пиротехникалық бұйымдар тәркіленді
Фото: СҚО Полиция департаменті

Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Петропавлдағы Жұмысшы кентінде орналасқан дүкенде рейд барысында полицейлер сертификаты жоқ 41 қорап пиротехникалық бұйым тәркіледі. Дүкен иесінде мұндай өнімді сатуға рұқсат та, тауар сапасын растайтын сертификат та болмаған. Ол әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Бұл сауда орны тәртіп сақшыларының назарына алғаш рет ілігіп отырған жоқ. 10 қарашада дәл осы дүкеннен заңсыз сатылымға қойылған тағы 28 қорап пиротехникалық бұйым тәркіленген.

Заңсыз сауда деректері облыстың өзге аудандарында да тіркелді. Есіл және Аққайың аудандарында анықталған екі құқық бұзушылық бойынша тағы 12 қорап пиротехникалық бұйым тәркіленді.

Петропавлда рұқсатсыз сатылған пиротехникалық бұйымдар тәркіленді
Фото: СҚО полиция департаменті

Тәртіп сақшылары сертификатсыз пиротехникалық бұйымдардың көбіне тиісті талаптарға сай тасымалданып, сақталмайтынын ескертеді. Мұндай өнімдерді пайдалану күйікке, жарақат алуға және өртке әкеп соғуы мүмкін. Полиция пиротехникалық бұйымдарды тек мамандандырылған дүкендерден сатып алып, қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Петропавлда рұқсатсыз сатылған пиротехникалық бұйымдар тәркіленді
Фото: СҚО Полиция департаменті

«Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасының бірінші кезеңі 10-30 қараша аралығында өткізіледі. Екінші кезеңі жаңа жылдық мерекелер қарсаңында, 29 желтоқсаннан 3 қаңтарға дейін жалғасады.

Бұған дейін Теміртауда заңсыз сауда орнынан 300 литрден астам алкоголь тәркіленгенін жазған едік.

Петропавлда рұқсатсыз сатылған пиротехникалық бұйымдар тәркіленді
Фото: СҚО Полиция департаменті