Қызылордада 20 млн теңгеге бағаланған есірткіні тасымалдаған адам ұсталды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордалық полицейлер есірткінің аса ірі партиясын тасымалдаған 51 жастағы тұрғынды ұстады.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

Облыстық прокуратураның үйлестіруімен ҚР Ішкі істер министрлігінің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің полиция қызметкерлері «Нашақорлыққа жол жоқ» жобасы аясында бірқатар арнайы жедел-іздестіру шараларын жүргізуде. 

— Өкілдіктің полиция қызметкерлері «Самара-Шымкент» тасжолының бойында Байқоңыр қаласында жылдамдық режимін бұзған «Хюндай» маркалы автокөлігін тоқтатты. Тексеру барысында көліктің жүксалғышынан төрт үлкен полиэтилен пакетіне оралған жасыл түсті зат анықталды. Ол айғақ зат ретінде алынды. Сараптама қорытындысымен алынған зат 19 келі 530 грамм кептірілген марихуана екендігі нақтыланды. Автокөлікті тізгіндеген 51 жастағы жүргізушіге қатысты сот санкциясымен 2 ай мерзімге күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы қолданылды, — делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, есірткі шамамен 20 млн теңгеге бағаланды. Тергеу жүргізілуде.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада полицейлер есірткі притонын жойды.