Облыс әкімдігі хабарлағандай, диқандар биыл 194 мың гектарға жуық жерге егін екті.
- Суды үнемдеу мақсатында биыл күріш көлемі 10 мың 900 гектарға қысқартылып, 70 мың гектарға егілді. Облыста су үнемдеу технологияларын пайдалану көлемі 2 есе артып, 14 мың 200 гектарға жетті. Келесі жылы 19 мың гектарға дейін ұлғаяды. Президент тапсырмасына сәйкес су үнемдеу технологияларын мемлекеттік қолдауға биыл 10 млрд теңге қаржы бөлінді, - делінген хабарламада.
Ауыл шаруашылығы мамандары күріштің орнына басқа дақылды егуді емес, күрішпен бірге суға тиімді, экономикалық қайтарымы жоғары дақылдар өндірісін қолға алып отыр.
- Осыған дейін жүгері 1,5 мың гектар көлемінде ғана егілсе, биыл оның көлемі 11 мың гектарға дейін жетті. Өнімділігі жоғары жүгері дақылының егіс көлемін ұлғайту мақсатында арнайы жол картасы бекітілді. Осыған сәйкес келер жылы жүгері егісін 28 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған, - деп хабарлады әкімдік.
Бұған дейін біз қызылордалық диқандар ерте егілген 11 мың 500 тонна дәнді дақылды жинап болғанын жаздық.