Қызылордада 501 мыңнан астам адам мәслихат сайлауына қатысады

KAZINFORM. KAZINFORM - Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Қызылорда облысына сапары кезінде 29 қарашаға тағайындалған мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындық барысымен танысты.

Фото: Қызылорда облыстық аумақтық сайлау комиссиясы

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясы мәлімдегендей, Нұрлан Әбдіров алдымен жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдары басшыларының, облыстық және қалалық аумақтық сайлау комиссиялары өкілдерінің қатысуымен алдағы сайлауды ұйымдастыру және өткізу мәселелерін талқылады. Одан кейін аумақтық және округтік сайлау комиссияларының өкілдерімен кездесті.

Сонымен қатар Қызылорда қаласындағы бірқатар сайлау учаскесін аралап, олардың алдағы дауыс беруге дайындығын зерделеді. Сайлау учаскелерін аралау барысында дауыс беруге арналған үй-жайлардың жай-күйі, комиссия мүшелерінің жұмыс жағдайы, қажет құрал-жабдықтардың болуы, ақпараттық материалдардың орналастырылуы және сайлаушыларға, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай жасау мәселелері назарда болды.

- Өңірде сайлаушыларды ақпараттандыру және олардың сайлау құқықтарын жүзеге асыруына жәрдемдесу мақсатында цифрлық сервистер қолданылып келеді. Атап айтқанда, өңірде азаматтарға өздерінің сайлау учаскесін анықтауға мүмкіндік беретін «Өзіңді сайлаушылар тізімінен тексер» электронды платформасы іске қосылған. Бүгінгі таңда облыстың 70 мыңнан астам тұрғыны аталған сервисті пайдаланған. Бұл қызметті «Смарт Қызылорда» мобильді қосымшасы және Telegram-бот арқылы да алуға болады, - делінген хабарламада.

Айта кетейік, Қызылорда облысында алдағы мәслихат депутаттарын сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге 9 аумақтық, 136 округтік және 386 учаскелік сайлау комиссиясы тартылған. Олардың құрамында барлығы 3 453 комиссия мүшесі жұмыс істейді. Сайлаушылар тізіміне 501 мыңнан астам азамат енген.